Алматы мен облыс арасындағы маңызды автожол кеңейтіліп жатыр
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы маңындағы бірнеше республикалық автожолда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

ҚазАвтоЖол компаниясының мәліметінше, қазір халық арасында «Жоғарғы трасса» аталып кеткен «Алматы-Шамалған-Ұзынағаш» автожолының 20-23 шақырымы аралығында орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Тәулігіне 40 мыңнан астам көлік қатынайтын жолдың 3 шақырымы кеңейтіліп, жол жабыны төселеді.
Одан бөлек ҚазАвтоЖол компаниясы Құлжа тасжолында орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын мәлімдеді. Мұнда 35 жұмысшы және 25 арнайы техника жұмылдырылған. Қазіргі уақытта жолдың 29 шақырымында жабынның төменгі қабаты толықтай салынған. Сонымен қатар жоғарғы қабатында 17 шақырымындай қиыршық тасты-мастикалық асфальт төселген.
- Көпшілік арасында Құлжа тасжолы аталып кеткен «Алматы - Көкпек - Көктал- Қорғас» республикалық автомобиль жолының 14-43 шақырым аралығында орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл тәулігіне 60 мың көлік қатынайтын көлік қарқыны жоғары жолдардың бірі, - деп хабарлады ҚазАвтоЖол.
Еске салайық, бұған дейін Қонаев-Күрті жолы Алматы арқылы өтетін көлік ағынын қаншалықты азайтатынын жазғанбыз.