Алматы метросын жарты күнде 40 мыңға жуық жолаушы қолданған

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бүгін, 1 қыркүйекте Алматы метросында ұзын-сонар кезек байқалды.

Алматы метросын жарты күнде 40 мыңға жуық жолаушы қолданған
Фото: видеодан алынған скрин

Метрополитен бекеттерінің кіреберісіндегі адамдар кезегінің бейнежазбалары әлеуметтік желіде тарап жатыр. Кадрлардан жолаушылар көптігінен пойыздарға кіріп-шығу қиындағанын көруге болады.

Сондай бейнежазбалардың бірі Бауыржан Момышұлы бекетінде түсірілген.

Алматы метрополитені аталған жағдайға қатысты түсініктеме берді.

Ресми мәліметке сәйкес, 1 қыркүйекте түске дейін метро пойыздары 40 мыңға жуық жолаушыны тасымалдаған.

– Жаңа оқу жылының алғашқы күнінде Алматы метросында жолаушылар ағыны артты. 1 қыркүйек күні сағат 06:20 дан 15:00-ге дейін 40 мыңға жуық жолаушы тасымалданды. Оқу жылының басталуына байланысты метро жұмысы күшейтілген режимде ұйымдастырылды. Таңғы және кешкі қарбалас уақытта пойыздар арасындағы интервал 3 минут 27 секундқа дейін қысқартылды, – деп хабарлады метро баспасөз қызметі.

Еске салайық, бұған дейін Алматы әкімдігі қыркүйекте көлік жүктемесінің артуына байланысты бірқатар шара қабылданғанын атап өтті.