Алматы метросында бірқатар затты алып кіруге тыйым салынды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы метросында жекелеген қозғалыс құралдарын алып кіруге және тасымалдауға қатысты жаңа шектеулер күшіне енді.
Алматы метрополитенінің әкімшілігі 2026 жылдың 23 маусымындағы № 519 бұйрыққа сәйкес, жолаушылар мен метрополитен қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кейбір қозғалыс құралдарын алып кіруге және тасымалдауға тыйым салынғанын хабарлады. Олар:
- электрлі велосипедтер;
- электрлі самокаттар;
- велосипедтер (балалар велосипедтерін қоспағанда);
- роликті тақталар (скейтбордтар);
- электрлі монодөңгелектер (моноциклдер) және өзге де осыған ұқсас қозғалыс құралдары.
Шектеу қолданылмайды:
- қапқа салынған жиналмалы электрлі емес велосипедтерге;
- қапқа салынған жиналмалы электрлі емес өзге де осыған ұқсас қозғалыс құралдарына;
- балалар арбаларына;
- мүгедектердің кресло-арбаларына.
— Енгізілген шектеулерге түсіністікпен қарап, метрополитенді пайдалану қағидаларын сақтауларыңызды сұраймыз, — деп хабарлады метро баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Алматы метросында колледж студентінен оқ-дәрі табылды.