Алматы облысы білім басқармасының басшысы ауысты
АСТАНА. KAZINFORM — Алматы облысы әкімінің м.а. өкімімен Арайлым Ақсубайқызы Төлеубекова 2025 жылғы 21 тамызынан бастап Алматы облысы білім басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды облыс әкімдігі.

Арайлым Ақсубайқызы 1977 жылы туған.
2004 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін «басқа ұлт мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы, 2015 жылы Алматы Университетін «құқықтану» мамандығы, 2020 жылы Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетін «орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітірген.
2017 жылы Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінде «құқықтану» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған.
Еңбек жолын 2001 жылы Іле ауданы Рахат ауылының №20 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған.
Әр жылдары Іле ауданы Рахат ауылының №20 орта мектебі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, №97617 әскери бөлімінің операторы, Іле ауданының білім және спорт бөлімінің жетекші маманы, Іле ауданы №4 орта мектебі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Энергетический ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы, Іле ауданы №29 орта мектебі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, «Балауса» балабақшасының әдіскері, Іле ауданының білім бөлімінің орталықтандырылған бухгалтерлігінің заңгері, бас маманы, бөлім басшысы, Алматы облысы білім басқармасының Қонаев қаласы бойынша білім бөлімінің басшысы, Еңбекшіқазақ ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы лауазымдарын атқарған.
2025 жылдың маусым айынан бастап Алматы облысы білім басқармасының Іле ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы лауазымында қызмет етті.
Еске салсақ, Алматыдағы балалар үйінен тәрбиеленушілерді Қонаевқа көшіру кезінде туындаған дауға байланысты Алматы облысы әкімінің орынбасары және екі басқарманың басшысы қызметінен босатылды. Олардың арасында білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева бар.
Бұдан бұрын Қарағанды облысының Білім басқармасын Дулат Шайкенұлы Жекебаев басқаратынын хабарлаған едік.