Алматы облысына 266,2 млрд теңге инвестиция салынды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысына жұмыс сапары Алатау қаласының даму жоспарымен танысудан басталды. 

Алматы облысына 266,2 млрд теңге инвестиция салынды
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту бойынша өзекті мәселелерді талқылады.

— Баршаңызға мәлім, мен осыдан екі жыл бұрын болашақ қаласы — Алатау шаһарын салу туралы шешім қабылдадым. Бұл жобаның тұтас еліміз үшін стратегиялық маңызы зор.

Біз осы қалаға инвестиция тартып, оны бизнестің және инновацияның жаңа орталығы ретінде дамытатын болдық. Осы жерде өмір сүру, жұмыс істеу азаматтарымызға, әсіресе, өскелең ұрпаққа мол мүмкіндік бермек. Сондықтан Алатау қаласы құрылысының негізгі қағидалары жаңа Конституцияға енгізілді. «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заң қабылданды, — деді Тоқаев.

Ол Алатау қаласына қатысты кез келген мәселені жедел шешу үшін барлық қажетті жағдай жасалып жатқанын айтты.

— Осы тұста бірнеше маңызды мәселені пысықтап алуымыз керек. Алдымен, осы кезге дейін жүргізілген жұмыспен танысайық. Сонымен қатар жедел мәселелер мен ұзақ мерзімге арналған міндеттерге тоқталу қажет. Бір сөзбен, алдағы жұмыстың бағдарын айқындап алған жөн.

Жалпы, Алатау қаласына қатысты кез келген мәселені жедел шешу үшін барлық қажетті жағдай жасалып жатыр. Қазірдің өзінде қаланың сапалы дамуына жол ашатын құқықтық негіз толық қалыптасты деп айтуға болады. Соның аясында салық жеңілдіктері ұсынылды, бақылау және реттеу тетіктері де бизнес жүргізу үшін оңтайлы бола түсті. Бұдан бөлек, осы қалада жұмыс істейтін кәсіпкерлердің құқықтары жан-жақты қорғалады, сондай-ақ, цифрлық активтерді дамыту үшін қолайлы жағдай жасалады. Сондықтан бүгінде Алатауды ресми түрде бірегей құқықтық мәртебесі бар «қарқынды дамитын қала» деп атауға болады, — деді Президент.

Мемлекет басшысы былтыр өңірлік жалпы өнім көлемі 6,7 триллион теңге болып, 5,4 пайызға өскенін айтты.

— Негізі, облыстың даму қарқыны жаман емес. Тиісті жұмыс істеліп жатыр. Былтыр өңірлік жалпы өнім көлемі 6,7 триллион теңге болып, 5,4 пайызға өсті. Қаңтар-сәуір айларындағы қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіш бойынша аймақ 5 орында тұр. Инвестиция тарту жұмысы белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері облыс экономикасына 266,2 миллиард теңге инвестиция салынды. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі шамамен 900 миллиард теңгеге жетті. Бірақ аграрлық сектордың әлеуеті әлі де толық игерілмей жатыр, — деді ол.

Биылғы 4 айдың нәтижесі бойынша ауыл, орман және балық шаруашылығының нақты көлем индексі 101,2 пайыз болды.

— Алайда, бір олқылыққа назар аударғым келеді. Қонаев қаласындағы инфрақұрылым құрылысы өте баяу жүргізіліп жатыр. «Баяғы жартас — сол жартас», қаланың келбеті — өзгеріссіз күйде. Бұл қалада шұғыл түрде театр, стадион, әкімшілік ғимараттары мен мектептер салу керек. Онсыз Алматы облысы өз аяғына тұрып кете алмайды. Облыс басшылығы осы өзекті мәселелерге баса назар аударуы қажет.

Өздеріңіз де білесіздер, жаңа қала салу туралы шешім экономикамызда күрделі жағдай болған кезде қабылданды. Бірақ біз бұл мәселеге байыппен қарадық. Асығыстыққа жол берген жоқпыз. Alatau city жобасы — шын мәнінде, жан-жақты зерделенді, пысықталды деп айтуға болады.

Жалпы, әлемдік тәжірибеге қарайтын болсақ, дәл осы болашақ қалаларын салу арқылы ел дамуын жаңа сапалық деңгейге көтеруге зор мүмкіндік туады. Мысалы, Дубай, Шэньчжэнь, Инчхон, тағы да бірқатар қаланың сәтті жобалар екені баршаға мәлім. Сол себепті біз де Alatau city жобасына зор үміт артып отырмыз. Бұл істе ең алдымен құқықтық сұрақтарды, жер және инфрақұрылым мәселелерін шешу қажет. Осы бастаманы іске асырудың бастапқы кезеңінде бірқатар негізгі бағытқа баса мән беруіміз керек, — деді Мемлекет басшысы.