Алматы облысында 10 жыл бойы ісіктің зардабын тартып келген әйелге ота жасалды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы көпбейінді клиникалық ауруханасының (АККА) бет-жақ хирургиясы бөлімшесінің дәрігерлері 10 жылдан астам уақыт бойы ісікпен өмір сүрген пациентке ота жасады. 

Алматы облысында 10 жыл бойы ісікпен жүрген әйелге ота жасалды
Фото: АККА

АККА мәліметінше, әйел емханаға ауырсыну, тыныс алудың қиындауы, ұйқының бұзылуы және мойын аймағындағы үлкен ісікке шағымданып келген. Тексеруден өткеннен оған шұғыл ота жасау туралы шешім қабылданған.

— Хирургтар ісікті жақ асты сілекей безімен бірге алып тастады. Ота жасаған бригаданың құрамында Марат Ысқақов, Нәйлә Байшекова, Мұхаммед Ысқақов және Асылбек Ғинаятов болды. Жағдайдың күрделілігіне қарамастан, ота ешқандай асқынусыз және өмірлік маңызды құрылымдарға зақым келмей өтті, — деп хабарлады ауруханадан.

Отадан кейін әйелдің жағдайы айтарлықтай жақсарып, тыныс алуы қалпына келген. Барлық емдік шара Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде жүргізілді. Мамандардың айтуынша, мұндай белгілерді ұзақ уақыт бойы елеусіз қалдыру ауыр асқынударға әкеп соғуы мүмкін, сондықтан бас пен мойын аймағында кез келген ісік пайда болған жағдайда дәрігерге уақытылы қаралу қажет.

Еске салайық, жыл сайын туа біткен аурулары бар 1,5 мың нәрестеге күрделі ота жасалады.