Алматы облысында 1,3 трлн теңге инвестиция тартылып, 15 индустриалды аймақ құрылады

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында өнеркәсіп өндірісі 108,7% өсім көрсетті, оның 90%-ы өңдеу секторында қалыптасқан. Бұл ретте шағын және орта бизнестің үлесі 46,3%-ға жетіп отыр. Жаңа деректерді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев баяндады.

инвестиция
Коллаж: Kazinform

Өңір басшысының айтуынша, биылғы 10 айда өнеркәсіп көлемі 2,1 трлн теңгеге жетті. Облыс аграрлық аймақтан инновациялық технологиялар мен өңдеу өнеркәсібінің жетекші орталығына айнала бастаған.

— Өңірлік өнімнің үштен бірі өнеркәсіп саласына тиесілі болғандықтан, бұл сала инвестиция тартудың негізгі көзі болып есептеледі. 2022 жылы негізгі капиталға инвестициялар көлемі 614 млрд теңге болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 1 трлн теңгеге дейін өсті. Жыл соңына дейін 1,3 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр, - деді М.Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Іске қосылған ірі жобалар ішінде «Focus Logistics» ірі логистикалық паркі (70 млрд теңге), «Алтын таға» бетон өнімдері зауыты (35 млрд теңге), «LC Waikiki» көтерме-сауда орталығы (30 млрд теңге), «Шин-лайн» балмұздақ фабрикасы (18 млрд теңге), «Қапшағай бидай өнімдері» дәнді және майлы дақылдарды терең өңдейтін агрокешені (12 млрд теңге), «КегенМясПром» ет комбинаты (3,5 млрд теңге) бар.

Тамақ өнеркәсібі саласында «Galanz Bottlers» компаниясын кеңейту (17,8 млрд теңге), «QAZAQ GLOBAL FOOD JV» (16,5 млрд теңге), «Прима Құс» (14 млрд теңге) компаниялары экспортқа бағытталған өнім өндіреді.

Жыл соңына дейін «Kusto Logistics» көтерме-бөлу орталығы, «MP Solution» және «Еуразиялық логистикалық парк», «Imagine Apple Logistics» ірі логистикалық кешендер мен индустриялық парктер пайдалануға беріледі.

Осындай кәсіпорындарды орналастыру мақсатында 15 индустриалды аймақ құрылып жатыр (Талғар ауданында «Қайрат-2», Еңбекшіқазақ ауданында —«Шелек», Жамбыл ауданында — «Қазыбек Бек», «Үлкен», Ұйғыр ауданында — «Тасқарасу», «Сұңқар», Қонаев қаласында — «Қонаев», Алатау қаласында — «Береке» және жетеуі — Үлкен Алматы айналма жолының маңында).

— Осылайша, облысымыздың инвестициялық әлеуетін арттыру ірі кәсіпорындардың ғана емес, шағын және орта бизнестің де дамуына мүмкіндік беріп жатыр. Бүгінде шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 46,3%-ға жетіп, олардың саны 156 мыңнан асты, өсім көлемі 33,8% болды, - деді М.Сұлтанғазиев.

Бұл салада жұмыспен қамтылған 740,3 мың халықтың үштен бір бөлігі жұмыс істейді (273 мың адам).

Бұған дейін әкім Алматы облысының экономикасы 6 трлн теңгеге дейін өскенін айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар