Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Алматы облысында 260 келі балықты заңсыз аулаған браконьерлер сотталды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысы Балқаш аудандық соты браконьерлерге қатысты үкім шығарды.

браконьер
Фото: Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы

Аудандық сотта балық ресурстарын заңсыз алу (ҚР ҚК 335-бабы 3-бөлігі 4,5-тармақтары) фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды. Сот мәліметінше, 2025 жылдың 30 қазанында «Браконьер» жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Балқаш көлінде полиция және балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Т. және П. есімді азаматтарды ұстаған. Олар«Yamaha-40» моторы бар қайық пен ұзындығы 500 метрлік синтетикалық торды пайдаланып, 261 келі балықты заңсыз аулаған. Осылайша мемлекетке 1 277 506 теңге көлемінде айтарлықтай залал келтірілген.

— Сот үкімімен Т. кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге балық аулау құқықынан айыра отырып, 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Оған пробациялық бақылау белгіленіп, жылына 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тарту міндеттелді. Келтірілген залалдың қалған сомасы сотталушыдан толық өндірілді. Жаза тағайындау барысында сот Т.-ның өз кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінгенін, сондай-ақ мемлекетке келтірілген залалдың басым бөлігін (890 000 теңге) өз еркімен өтегенін қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды, — делінген хабарламада.

Ал екінші азамат П. құқық бұзушылықты жасау кезінде психикалық жағдайына байланысты өз іс-әрекетіне есеп бере алмайтын күйде болғаны анықталып, ҚР Қылмыстық кодексінің 16 және 75-баптарына сәйкес қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Сонымен қатар, ҚК-нің 93, 95-баптары негізінде сот оған тұрғылықты жері бойынша дәрігерлік бақылаудан өту (амбулаториялық емделу) шараларын белгіледі.

Үкім заңды күшіне енді.

Еске салайық, бұған дейін батыста браконьерлерден 8 тоннадан аса балық пен 10 келі уылдырық тәркіленгені белгілі болды.