Алматы облысында 31 мектеп үш ауысымда: 1 қыркүйекте мәселе шешіле ме
ҚОНАЕВ. KAZINFORM - Алматы облысы Білім басқармасының мәліметіне сәйкес, өңірде 437 мемлекеттік жалпы білім беретін мектеп бар, онда 351 884 оқушы білім алады. Жекеменшік мектептер саны - 46, онда 16 412 оқушы оқиды. Барлығы 33 349 мұғалім дәріс береді.

31 мемлекеттік мектепте балалар үш ауысымда оқып жүр. Ал 406 мемлекеттік мектеп 2 ауысымда оқытылады. Kazinform сауалына жауап берген Білім басқармасы үш ауысымда оқыту мәселесін шешу үшін 22 мектеп салу қажет екенін мәлімдеді.
— Үш ауысымда оқытуды жою үшін 22 мектеп салу қажеттілігі бар, оқушылар үйі, жазғы демалыс лагерлері қажет. Қазіргі уақытта Алматы облысында 19 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Тағы 19 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жасау жоспарланған. Күрделі жөндеу жұмыстары жазғы каникул кезінде жүргізіледі, - деп хабарлады басқармадан.
Ресми жауапқа сәйкес, 2025 жылдың 1 қыркүйегінде 17 мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен, 1 мектеп жергілікті бюджет есебінен, 1 жекеменшік мектеп ашылады.
Бұған дейін жер дүмпуі кезінде зақымданған Алматы облысындағы мектеп 1,5 млрд теңгеге күрделі жөндеуден өтетінін жазған едік.
Еске салайық, осы жылдың 1 қыркүйегінде Алматыда 15 мектеп ашылады.