Алматы облысында белгісіз адам су жіберетін шлюзды ашып жіберген
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мен әкімдік қызметкерлері бір ауылдың су басу қаупін жойды.

Ведомстводан атап өткендей, бүгін Қарасай ауданы Көлашы ауылында шаруашылық қажеттіліктері үшін пайдаланатын каналдың шлюзын белгісіз адам ашып жіберген.
— Салдарынан төрт ауланы су басты. Бұл аула аумақтары елді мекеннен тыс жерлерде ауыл шаруашылығы алқаптарында ретсіз салынған. Оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаментінің 7 қызметкері, 2 техника және 2 мотопомпа, жергілікті атқарушы органынан 3 адам мен 1 техника жұмылдырылды, - деп атап өтті ведомстводан.
Қарасай ауданы полиция басқармасының қызметкерлері шлюз ашқан белгісіз адамды іздестіріп жатыр.
Еске салайық, Алматы облысының бес ауданы су басу қаупі жоғары аймаққа жатады.