Алматы облысында джиу-джитсудан 300 татами шебері бақ сынады
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысы Іле ауданында Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына арналған джиу-джитсудан жасөспірім арасында Sagadat Batyr халықаралық турнирі өтті.

Халықаралық жарыста 4-13 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер бақ сынады. Олардың қатарында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жас спортшылар және көршілес Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінің жасөспірімдері бар. Барлығы турнирге 300-ден астам джитсер қатысты.

Турнир Халық қаһарманы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-полковник, ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс салаларының ардагері Сәт Тоқпақбаевтың құттықтау сөздерімен ашылды. Сондай-ақ Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов пен Атлант Олимпиадасының чемпионы, әлем және Азия біріншіліктерінің бірнеше дүркін жеңімпазы әрі жүлдегері Василий Жиров жарыс қатысушыларына ізгі тілектерін білдірді.
— Жас спортшылардың елімізден шығып жатқанына қуаныштымын. Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов — Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының батыры болды. Өскелең ұрпақ сол кісіден үлгі алса деймін, — деді Сәт Тоқпақбаев.

Ал Алматы облысы мәслихатының депутаты, халықаралық жарыстың бас ұйымдастырушысы, «Сағадат батыр» спорт клубының негізін қалаушы әрі бас бапкері Нұрсұлтан Орынбасаров халықаралық жарыс дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұратынын атап өтті.
— Сағадат Нұрмағамбетов атындағы спорт клубының негізі қаланған 2015 жылдан бері ұлы тұлғаның атын шығарып келеміз. Сондықтан біз үшін Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығын атап өтудің ерекше маңызы бар. Жан-жақтан жиналған жас спортшылардың басын біріктіріп, оларға Халық Қаһарманы Сағадат атамыздың атын таныту — жарысты ұйымдастырудағы басты мақсатымыз. Сонымен қатар әскери-патриоттық бағыттағы спорт жарысы арқылы жастарды отаншылдыққа тәрбиелеп, спортқа баулығымыз келді. Бұл Сағадат Нұрмағамбетов атындағы жарыс биыл бір рет өтіп тоқтап қалмайды, жыл сайын өткізіп отыратын боламыз, — деді Нұрсұлтан Орынбасаров.
Еске салайық, бұған дейін Әмір Омарханов Мексикадағы жарыстың жеңімпазы атанғанын жазғанбыз.