Алматы облысында интернет-алаяқтық құрбандарына 18 млн теңге қайтарылды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысы полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Әлібек Керім 2025 жылы атқарылған жұмыстар туралы айтты.

өтемақы
Фото: Kazinform

Оның сөзінше, өңірде 2024 жылы 1470 алаяқтық дерегі тіркелсе, 2025 жылы олардың саны 1711-ге жеткен. Жалпы алаяқтық қылмыстары 16,4 пайызға өскен.

Дегенмен, Әлібек Керім облыста интернет-алаяқтық қылмыстарының саны төмендегенін атап өтті.

- 2024 жылы өңірде 75 интернет-алаяқтық дерегі тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 35-ке дейін қысқарды. Бұл жүргізіліп жатқан алдын алу шараларының оң нәтижесін көрсетеді, - деді ол.

Полицияның жедел уәкілі алаяқтар қолданатын жиі әдістердің қатарында sms-код сұрату, жалған инвестициялық жобалар арқылы табыс уәде ету, шын мәнінде жұмыс істемейтін интернет-дүкендер, сондай-ақ делдалдық сипаттағы «дроперлік» схемалар бар екенін айтты.

– Жүргізілген алдын алу шараларының нәтижесінде 2025 жылы интернет-алаяқтыққа қатысты 39 миллион 680 мың теңге күдікті есепшоттардан уақытылы бұғатталды. Оның ішінде 18 миллион 269 мың теңге зардап шеккен азаматтарға кері қайтарылды. Сонымен қатар 3750 жалған сайттың қызметі тоқтатылды, – деді Әлібек Керім.

Еске салайық, бұған дейін WhatsApp-та кибералаяқтықтың жаңа түрі пайда болғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар