Алматы облысында қар барысы мен Түркістан сілеусіні фототұзаққа түсіп қалды
ҚОНАЕВ.KAZINFORM - «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркінде қар барысы мен Түркістан сілеусіні фототұзаққа түсіп қалды. Ерекше кадрларды Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті әлеуметтік желіде жариялады.

Фототұзақ түсірген бейнежазбадан түнгі уақытта парк аумағында сенімді қимылдап жүрген қар барысы байқалды. Сонымен қатар фототұзаққа түскен Түркістан сілеусіні өз жемтігін байқаған бойда секіруге дайындалып, бірақ соңғы сәтте райынан қайтады.
- Бұл кадрлар жыртқыштардың күнделікті өмірін ғана көрсетіп қоймай, сонымен бірге парк аумағында олардың мекендеуіне қолайлы жағдай жасалғанын дәлелдейді. Табиғатты сақтап, қар барысы мен Түркістан сілеусіні сияқты асқақ жануарларды қорғауға бірге атсалысайық, - деп хабарлады комитеттен.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында сақалтай видеоға түсіп қалғанын жазғанбыз.