Алматы облысында қаржы пирамидаларынан 12 мың адам зардап шеккен
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Бұл туралы Алматы облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Бақтияр Жүзенов айтты.

Ол Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қаржы пирамидаларының алдын алу бойынша департаменттің жұмыс нәтижелерімен бөлісті.
Айтуынша, 2024-2025 жылдары қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар мен жарнамалаушыларға қатысты 23 сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген. Оның нәтижесінде Аманат Хоум, Аманат Драйв, Асар баспана, FS, AIF, HRT, Charhomi қаржы пирамидаларының жолы кесілген.
- Қаржы пирамидасының салымшылары ретінде тартылған азаматтар саны 12 мыңнан асса, олардан жиналған сомма 58 млрд теңгеден асқан. Жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеу мақсатында жылжымайтын мүлік пен автокөліктерді қоса алғанда 23,1 млрд теңгелік мүлік тәркіленді, - деді ол.
Бақтияр Жүзенов қылмыстық жолмен түскен кірістерді жасыру мақсатында салымдары криптовалютамен жинау жағдайлары жиілеп кеткенін атап өтті.
- Қаржы пирамидаларына тән белгілер – ешқандай тәуекелсіз жоғары табыс туралы уәде, нақты өнімнің немесе қызметтің жоқтығы, жаңа салымшыларды тартуға шақыру, салынған сомманы қайтарудың түсініксіз шарттары және қаржылық қызметті атқаруға лицензияның жоқтығы. Қаржы пирамидалары көбіне әлеуметтік желілер, мессенджерлер және адамдарды тыңдата алатын «көшбасшылар» арқылы жұмыс жүргізеді, - деді ол.
Сонымен қатар ол Экономикалық тергеп-тексеру департаменті 2024-2025 жылдары қаржы пирамидаларының белгілері бар 1800 сайттар мен чаттар бұғаттағанын айтты.
- Қаржы пирамидаларының қызметі және экономикалық құқықбұзушылықтар жайлы барлық ақпаратты Қаржылық мониторинг агенттігінің сенім телефоны 1458 немесе АФМ Insider чат-ботына хабарлауларыңызды сұраймыз, - деді Бақтияр Жүзенов.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында «Amanat Drive» атауымен қаржы пирамидасының қызметін әшкереленгенін жазғанбыз.