Алматы облысында Күрті — Қонаев автожолы 4 жолаққа кеңейді
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында «Күрті — Қонаев» автожолының 67 шақырымы қайта жаңғыртылды.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы «Астана — Қарағанды — Балқаш — Алматы» бағыты бойындағы маңызды буын саналатын республикалық маңызы бар «Күрті — Қонаев» автожолын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталғанын хабарлады.
Қазір ұзындығы 67 шақырым болатын жолда төрт жолақты қозғалыс ашылды. Бұл жолдың өткізу қабілетін және жолдағы қауіпсіздікті едәуір арттырып, жол жүру уақытын қысқартпақ. Жоба Еуропалық қайта құру және даму банкінің қаражаты есебінен қаржыландырылған.

— Жоба шеңберінде төрт көпір құрылысы, бір көлік айрығы, айрық құрамындағы бір жол өткелі, бес бұрылыс алаңы және 61 су өткізу құбыры салынды. Нысан құрылысына 305 маман мен 104 құрылыс техникасы жұмылдырылды, — деп хабарлады компаниядан.
Еске салайық, Қонаев-Күрті жолын 2 жолақтан 4 жолаққа дейін кеңейту жұмыстары 2020 жылы басталған. Мердігер ұйым — «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС.

Бұған дейін аталған автожолдың жаңғыртылуы өңірдің транзиттік әлеуетті арттыруға мүмкіндік беретінін жазғанбыз. Қытайдан келіп, Үлкен Алматы автомобиль айналма жолымен жүретін жүк көліктері енді Алматыға кірмей Орталыққа Қазақстанға жете алады.