Алматы облысында теміржол өткелі жабылды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — 1 наурыздан бастап Шамалған стансасы маңында қозғалыс өзгереді.

«ҚазАвтоЖол» ҰК баспасөз қызметінен мәлім еткендей, осы жылдың 1 наурызынан бастап Алматы облысы, Қарасай ауданы, Жібек жолы елдімекені арқылы өтетін теміржол өткелі жабылады.

— Көлік құралдарының үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында барлық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін жаңа айналма жол ұйымдастырылды. Барлық қажетті жол белгілері мен қозғалысты реттейтін құралдар орнатылды,— деп хабарлады компаниядан.
Еске сала кетсек, 2019 жылдың қыркүйек айында Шамалған стансасында пойыз бен автобус соқтығысып, жол апаты болды. Жолаушылар автобусы рельске шығып кеткен. Оқиға орнында автобус жүргізушісі мерт болып, тағы 3 адам Қарасай аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылған еді.
Қайғылы оқиғадан соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жапа шеккендердің туған-туыстарына көңіл айтты.
Артынша Алматы облысы Шамалған стансасында теміржол үстінен өтетін көпір салынды.
Кейін аталған дерек бойынша теміржолшы жауапқа тартылды. Сот оны 3 жыл 6 айға шартты түрде бас бостандығынан айырды.