Алматы облысында тұрғын үй ауласында екі баланы қағып кеткен жүргізуші жазаланды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында жеңіл көлік екі баланы қағып кетті.

Алматы облысында тұрғын үй ауласында екі баланы қағып кеткен жүргізуші жазаланды
Видеодан алынған кадр

Оқиға 4 қыркүйек сағат 18:20 шамасында Талғар ауданы Бесағаш ауылындағы «Нұрия» тұрғын үй кешенінің аумағында болған. Оның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады.

Алматы облысының полиция департаментінің мәліметінше, оқиға салдарынан балалар түрлі дене жарақаттарын алып, қажетті медициналық көмек көрсету үшін медициналық мекемеге жеткізілген. Жүргізушінің жеке басы анықталды.

— Кәмелетке толмаған екі жаяу жүргіншіні қағып кеткен 25 жастағы Chevrolet Cobalt автокөлігінің жүргізушісі жауапкершілікке тартылды. Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін, әсіресе балалар жүретін тұрғын үй аумақтарында, қатаң сақтауға шақырады, — деп хабарлады департаменттен.

Еске салайық, бұған дейін Алматы тұрғындары бір тәулікте 1 500-ден астам рет жол ережесін бұзғанын жазғанбыз.