Алматы облысында үш ауысымды мектептер мәселесі қалай шешіледі

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Соңғы үш жылда Алматы облысында үш ауысымда білім беретін мектептер саны 52-ден 28-ге дейін қысқарды. Бұл туралы облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев айтып берді.

Үш ауысымды мектеп мәселесі қашан түбегейлі шешіледі
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде білім, денсаулық сақтау және мәдениет салаларында атқарылған жұмыстар туралы мәлімет берді.

Әкімнің айтуынша, 2022 жылдан бері 45 жаңа мектеп және 6 жапсаржай салынды, сондай-ақ 55 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Оның он бірі инвесторлар есебінен, ал жиырмасы «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған.

— Жыл соңына дейін тағы алты мектеп ашу жоспарланып отыр. Білім нысандарының көбейуі үш ауысымда оқытатын мектептер санын айтарлықтай қысқартқан. Мектеп инфрақұрылымын кеңейту нәтижесінде кейінгі үш жылда үш ауысымда білім беретін мектептердің саны 52-ден 28-ге дейін қысқарды. Қалған 28 мектепті бір мезгілде бастап салу үшін отандық және шетелдік инвесторлады EPC механизмі бойынша келіссөздерге шақырамын, — деді Марат Сұлтанғазиев Орталық комммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Өңір әкімі денсаулық сақтау және мәдениет инфрақұрылымының да дамып жатқанын атап өтті.

– Облыста 356 медициналық нысан бар, олардың 54% тозған. 2022-2025 жылдары 55 нысанға құрылыс жұмысы жүргізілді, 6 млрд теңгеге 153 медициналық жабдық сатып алынды. Мәселен, 300 шақырым қашықтықта орналасқан Нарынқол ауылының тұрғындары Алматыға немесе облыс орталығына келместен толық медициналық қызмет ала алады, – деді облыс әкімі.

Сонымен бірге, облыста 7 мәдениет үйі, 6 спорт кешені, мемлекеттік архив және өнер мектебі салынды.

Бұған дейін әкім Алматы облысының экономикасы 6 трлн теңгеге дейін өскенін айтқан еді.

Жыл басынан бері Алматы облысына 2,2 млн турист келді. Олар Көлсай, Қайыңды, Қапшағай орындарына барған.

Сондай-ақ, «Pepsi Co» компаниясы Нарынқол картобынан дайын өнімдер шығарады.

Соңғы жаңалықтар