Алматы облысында жарты сағатта жолды ашуға мүмкіндік беретін асфальт төселді
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысында жаңа жолы жабыны тексеріліп жатыр.
ҚазАвтожол Алматы облыстық филиалының мәліметінше, «Алматы – Шелек – Хоргос» автожолының 31–32 шақырымында эксперименттік жол жабындысы салынды.
– Оның ерекшелігі жұқалығы 1,2-1,5 см, өте төзімді. Сондай-ақ жабынды төселгеннен кейін небәрі 30 минуттан соң жол қозғалысын қайта ашуға мүмкіндік болады. Жоба облыс әкімдігі, «Қазавтожол» ҰК» АҚ және қытайлық компанияның бірлескен жұмысы нәтижесінде жүзеге асырылды, - деп хабарлады компаниядан.
Еске салайық, бұған дейін «Алматы-Бішкек» автомобиль жолының 19-27 км (Қаскелең — Үлкен Алматы автомобиль айналма жолы) учаскесін күрделі жөндеу, жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жазғанбыз. Жоба аясында қозғалыс жолақтарын 4-тен 8-ге дейін кеңейту, «таға» типті екі көлік айрықтары, сондай-ақ жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі құрылысы қарастырылған.