Алматы облысында ЖИ заңсыз көші-қон деректерін анықтауға көмектесті
АСТАНА. KAZINFORM – Алматы облысында жасанды интеллект технологиялары арқылы көші-қон заңнамасын бұзу деректері анықталды.
Алматы облысының прокуроры Берік Адамовтың төрағалығымен көші-қон заңнамасының сақталуына арналған Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.
Жиында прокурорлық қадағалауды цифрландыру мақсатында жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау технологиялары негізінде әзірленген «Dala-Cloud» ақпараттық-талдамалық жүйесі таныстырылды.
Аталған жүйе мемлекеттік ақпараттық ресурстардағы деректерді автоматты түрде талдап, тәуекел индикаторларын анықтайды. Бұл көші-қон заңнамасын бұзудың жүйелі фактілерін уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.
– «Dala-Cloud» жүйесінің көмегімен 159 мыңнан астам шетел азаматы және 30 мыңнан астам әкімшілік материал бойынша мәліметтер талданды. Нәтижесінде әкімшілік құқық бұзушылықтарды дұрыс сараламаудың 287 фактісі, жұмыс берушілерге қатысты шара қолданбаудың 61 жағдайы, шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланудың 11 фактісі анықталды, – деп хабарлады прокуратурадан.
Сондай-ақ жүйе елден шығарып жіберу туралы сот актілерінің орындалмауының 12 фактісін, тұрғын үй иелерінің келісімінсіз шетел азаматтарын тіркеудің 5 дерегін және басқа да заң бұзушылықтарды анықтаған.
Отырыс қорытындысында облыс прокуроры Берік Адамов цифрлық шешімдерді енгізу және мемлекеттік органдардың тиімді өзара іс-қимылы көші-қон заңнамасы талаптарының бұзылуын анықтауға, жолын кесуге және алдын алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Айта кетейік, жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзған 100 құқық бұзушы ұсталды.