Алматы облысында жол опырылып, 3 метрдей шұңқыр пайда болды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысындағы ауылдардың бірінде жол опырылды. 

Алматы облысында жол опырылып, 3 метрдей шұңқыр пайда болды
Фото: видеодан алынған скрин

Жол үстіндегі терең шұңқырдың бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады.

Аталған дерекке қатысты Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі жауап берді. Ресми мәліметке сәйкес, 6 мамыр сағат 07:45–те Балтабай ауылдық округіне қарасты Ақтоған ауылының Самал көшесінде жергілікті маңызы бар жолдың опырылып түскені туралы хабарлама түскен. Опырылған жердің тереңдігі мен ені шамамен 2–3 метрдей болған.

Аудан әкімдігі 1960-жылдары бұл учаскеде «Есік дендрологиялық паркі» РМҚК-ның орталық жинақтаушы резервуары орналасқанын мәлімдеді.

— Кейін резервуар бетон плитамен жабылып, үстіне топырақ төгілген. Ол кезде бұл аумақ бос жатқан жер болатын. 2009 жылы бұл жер телімдері жеке тұрғын үй құрылысы үшін беріліп, қазіргі уақытта мұнда елдімекен пайда болды. Уақыт өте келе резервуар үстіндегі бетон плитаның құлауына жол төсемі шөгіп, соның әсерінен шұңқыр пайда болған, — делінген жауапта.

Сондай-ақ Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі шұңқыр анықталған сәтте жол екі жағынан жабылып, автокөліктер үшін айналма жол ұйымдастырылғанын хабарлады. Дәл қазіргі уақытта жолды қалпына келтіру жұмыстары аяқталған.

Еске салайық, былтыр Алматыда жол жабыны опырылып, 13 автокөлік зақымданды.