Алматы облысында жолға жақын қазылған карьер жұмысы уақытша тоқталды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысы Бәйтерек ауылының тұрғындары карьер көлік жүретін жолға тым жақын жерде қазылып жатқанын айтып шағымданды.

Тұрғындар шағымы әлеуметтік желіде жарияланды. Одан Каменистая көшесінде терең қазылған карьерде техниканың тынымсыз жұмыс істеп жатқанын көруге болады.
Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, «ХанЭлитСтрой» ЖШС Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйтерек ауылындағы кен орнынан құмды-гравий қоспасын өндіреді. Желідегі шағымнан кейін Еңбекшіқазақ ауданы әкімішілігінің тапсырмасымен жергілікті кәсіпкерлік бөлімінің, аудан әкімдігінің және полиция өкілдерінен тұратын жұмыс тобы оқиға орнына дереу жеткен.
— Тексеру жүргізіліп, кәсіпорын басшылығы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жер қазу жұмыстарының шекаралары анықталғанға дейін карьердің жұмысы уақытша тоқтатылды. Сонымен қатар әкімшілік оқиға орнында кезекшілік ұйымдастырып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын өткізді, — деп хабарлады әкімдіктен.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында 446 жер учаскесі пайдаланылмай жатқанын жазғанбыз.