Алматы облысын 4 жыл басқарған Марат Сұлтанғазиев несімен есте қалды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысын 4 жыл 2 айдан астам уақыт басқарған Марат Сұлтанғазиев несімен есте қалды? Kazinform тілшісі Марат Сұлтанғазиевтің Алматы облысын басқарған кезеңіне шолу жасап, өңірде жүзеге асқан негізгі жобалар мен осы уақыт аралығында болған атышулы оқиғаларды саралап шықты.
Марат Сұлтанғазиев 1976 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, Қазақ мемлекеттік заң академиясын, Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін тәмамдаған. Мамандығы бойынша — экономист-қаржыгер, заңгер, іскерлік әкімшілендіру магистрі.
Әр жылдары Салық департаментін, Мемлекеттік кірістер департаментін, Мемлекеттік кірістер комитетін басқарған. Өңір басшылығына келгенге дейін Қазақстан Республикасының Қаржы бірінші вице-министрі қызметін атқарды. Ал 2022 жылдың 11 маусымында Алматы облысының әкімі болып тағайындалды.
Қайта құрылған облыс пен Алатау қаласы
Марат Елеусізұлы екіге бөлініп, қайта құрылған өңірдің тізгінін алды. 2022 жылдың 8 маусымынан бастап Алматы облысының құрамынан Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандарын, Талдықорған және Текелі қалаларын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Талдықорған қаласында орналасатын Жетісу облысы құрылды.
Сондықтан жаңа әкім Алматы облысының әкімшілік орталығы Қонаев қаласынан жұмыс істеді. 2022 жылдың аяғында Алматы облысының әкімдігі бұрынғы казино ғимаратына көшті.
2023 жылдың аяғында Қонаевта әлеуметтік және әкімшілік нысандарды салу бойынша кешенді жоспар бекітіліп, бюджетті бірнеше есе өскен қалада жаңа ғимараттардың құрылысы басталды. Одан бөлек облыс орталығында академиялық қалашық құруға келісім жасалды.
Сондай-ақ 2024 жылы Президент Жарлығымен Алматы облысында Алатау қаласы құрылды. Қонаев пен Алатау қалаларын дамыту өңір басшысы Марат Сұлтанғазиевке жүктелді. 2025 жылы Алматы облысында елдегі алғашқы АЭС құрылысының басталуы да экс-әкімнің басшылық еткен кезеңімен тұспа-тұс келді.
Алайда 2026 жылы Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Марат Сұлтанғазиевтің қателіктерін атап, оның жұмысын сынға алды.
— Электрдің жиі өшуіне қатысты арыз-шағымның көптігін былай қойғанда, тұрақты интернеттің, сапалы жолдың, орталықтандырылған судың жоқтығын алға тартады. Мұндай проблемалар облыстың барлық аумағында бар. Мәселен, 2025 жылы электр желісінің тозуы 70 пайызға жуықтап, соның салдарынан электр қуатының өшірілуі 919 рет, ал жыл басынан бері 201 мәрте тіркелген. Alatau Smart-City салу міндеттері мен өңірдегі нақты әлеуметтік-экономикалық жағдай арасында қарама-қайшылық айқын байқалады. Бұл әкім Марат Сұлтанғазиевтің тарапынан жіберілген олқылық деп санаймын, — деді Президент.
Дегенмен, Марат Сұлтанғазиев жұмыс істеген уақыт ішінде оң көрсеткіштер де жоқ емес. Облыс әкімдігінің мәліметінше, 2022 жылдан бері облыстың жалпы өңірлік өнімі шамамен 3,4 триллион теңгеден 6,8 триллион теңгеге артқан. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,6 триллионнан 2,6 триллион теңгеге дейін өсті. Қарасай және Іле аудандарынан бөлек донор-аумақтар қатарына Еңбекшіқазақ, Талғар, Жамбыл аудандары мен Қонаев қаласы қосылды.
Сонымен қатар тұрғындар тарапынан оң бағаланған жобалардың бірі — Қонаев қаласындағы жағажайларды дамыту.
Жаңғыртудан өткен Қапашағай жағасындағы қоғамдық кеңістік тек қала тұрғындары емес, Алматы қаласы мен өзге аудандар келетін адамдардың сүйікті демалыс орнына айналды. Мәселен, осы жазда Қапшағай су қоймасына екі миллионнан астам адам келген.
Шерзат ісі, «Бағанашыл дауы» және ТЖ жағдай
Марат Сұлтанғазиев басшылығы кезінде Алматы облысында бірнеше резонансты оқиға болды. Олардың бірі — Талғар ауданында болған 16 жастағы Шерзат Полаттың өлімі.
2024 жылы бұл мәселе өңір аумағынан шығып, ел көлемінде талқыланды. Аталған жағдайға байланысты өткізілген жедел штаб отырысында облыс әкімі кінәлілер жауапқа тартылатынын және жағдай бақылауда болатынын айтты.
Ал 2025 жылы шілдеде «Бағанашылдағы» балалар үйіне байланысты дау болды. Мекеме тәрбиеленушілерін жаңа орынға көшіру дұрыс ұйымдастырылмағаны үшін қоғам тарапынан өңір басшысы қатты сынға ұшырады.
Мәселеге тіпті, Мемлекет басшысы араласып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен балалар үйі облысқа көшірілмейтін болды. Даудан кейін Алматы облысы әкімінің орынбасары және екі басқарманың басшысы қызметінен босатылды.
Сондай-ақ 2025 жылдың қазан айында Алатау қаласының аумағындағы қоқыс полигонында 1 аптаға жуық алапат өрт болды. Оған байланысты Алатауда жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізіліп, ол 1,5 айдан кейін алынды. Бұл жағдай да тұрғындар тарапынан облыс басшылығына қатысты наразылық тудырды.
Еске салайық, 4 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен Марат Сұлтанғазиев Алматы облысының әкімі лауазымынан босатылды.
Экс-әкім әлеуметтік желідегі парақшасында облыс тұрғындарына жылы лебізін білдірді.
— Бүгін осы өңірдегі қызметімді аяқтай отырып, төрт жыл бойы қолдап келген баршаңызға алғыс айтамын. Алматы облысы өзімнің туып-өскен топырағым. Төрт жыл бұрын маған сенім артып, осы өңірді басқаруға мүмкіндік берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа алғысым шексіз. Президент бастамаларын жүзеге асырып, халықтың үдесінен шығу үшін бар білімім мен тәжірибемді жұмсадым, — деп жазды ол.
Сондай-ақ бүгін Мемлекет басшысының Жарлығымен Шыңғыс Әрінов Алматы облысының әкімі лауазымына тағайындалды. Ол бұған дейін Төтенше жағдайлар министрі қызметін атқарды.