Алматы облысының үш тұрғыны қызды алып қашқаны үшін сотталды

ТАРАЗ. KAZINFORM — Өткен жылдың қазан айында Тараз қаласында Алматы облысының үш тұрғыны Жамбыл облысының 19 жастағы тұрғынын некеге тұруға мәжбүрлеу мақсатында алып қашқан. 

Алматы облысының үш тұрғыны қызды алып қашқаны үшін сотталды
Фото: Pexels

Аталған факті бойынша Тараз қаласы Әулиеата ауданының полиция бөлімі ҚРҚК-нің 125-1-бабы 2-бөлігінің 1) және 4) тармақтары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.

— Тергеу барысында жәбірленушінің бес жылдан астам уақыт бойы алып қашуды ұйымдастырған азаматпен жақын қарым-қатынаста болғаны, алайда оған тұрмысқа шығудан бас тартқаны анықталды. Қыздың бірнеше мәрте бас тартуына қарамастан, ер адам оны алып қашуды ұйымдастыруға шешім қабылдап, қылмысты жасауға таныстарын тартқан. Осылайша, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы болып әрекет еткен үш күдікті күш қолданып, күндізгі уақытта жәбірленушіні алып кеткен, — делінген хабарламада.

Сот талқылауы барысында айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденді. Тараз қаласының № 2 сотының 4 мамырдағы үкімі бойынша олар адамды некеге тұруға мәжбүрлеу мақсатында алып қашқаны үшін кінәлі деп танылды.

Қылмыстық кодектің 63-бабы қолданылып, үш сотталушының әрқайсысына үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енді.

Қыз алып қашу романтика емес, адвокат жаңа заңның маңызы туралы айтқан еді