Алматы орталығында дүкенге заңсыз салынған қосымша құрылыс бұзылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыдағы Қажымұқан көшесі, 34 мекенжайында орналасқан азық-түлік дүкеніне қосымша салынған нысан сүрілді. Бұл туралы Қала құрылысын бақылау басқармасының өкілдері хабарлады.
Басқарманың мәліметінше, тексеру барысында нысаннан белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін заңбұзушылықтар анықталған. Осыдан кейін меншік иесіне түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі уақытта нысанның кіреберіс бөлігін меншік иесі өз еркімен бұзды.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Сейфуллин даңғылы, 518 мекенжайында орналасқан шағын маркет толықтай сүрілгенін хабарлаған едік.
Ведомство өкілдері бұған дейін рұқсат құжаттарының жоқтығына байланысты тиісті шаралар қабылданғанын атап өтті.
Ал оның алдында Достық даңғылы, 42/74 мекенжайында орналасқан «Мята» барының жазғы террасасы сот шешімімен бұзылған еді.