Алматы орталығында заңсыз салынған қосалқы нысан бұзылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда дәмханаға қосалқы салынған нысан сүрілді.
Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметіне сәйкес, Құрманғазы көшесі, 43 мекенжайындағы дәмхананың қосалқы бөлігі толықтай бұзылды. Ведомство өкілдері жоспардан тыс тексеру барысында меншік иесінің нысанды заңсыз салғаны анықталып, осыған байланысты әкімшілік шара қабылданғанын атап өтті.
— Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты меншік иесін кінәлі деп танып, заңсыз салынған құрылысты бұзу туралы шешім шығарды. Сот шешімін орындау мақсатында меншік иесі нысанды өз күшімен бұзды, — делінген басқарма хабарламасында.
Еске салайық, Алматыда 2026 жылы заң талаптарын бұза отырып салынған 41 нысан толық немесе ішінара сүрілгені белгілі болды.