Алматы полициясы әуежай жолаушыларына ескерту жасады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Бүгін Алматы халықаралық әуежайының аумағында сағат 09:00–ден 17:00–ге дейін жоспарлы антитеррорлық оқу-жаттығу өтеді.

Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, шара кезінде әуе және автокөліктердің қозғалысына шектеулер жоқ. Оқу-жаттығу тапсырмалары адамдар көп жиналатын жерлерде лаңкестік әрекеттердің алдын алу механизмін жетілдіруге бағытталған.
— Қауіпсіздік шараларын сақтауыңызды және мемлекеттік қызметкерлердің заңды талаптарын орындауыңызды сұраймыз. Сондай-ақ ресми ақпарат көздерін қадағалап, жалған ақпарат таратпау керек, — деп хабарлады департаменттен.
Сонымен қатар қалалық полиция ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 443-бабына сәйкес, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысушы тұлғаның заңды талабына бағынбау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.
Еске салайық, биыл 7 наурыз күні Алматы әуежайында ер адам әуежай қызметкерін кепілге алды.