Алматы Сеул метросындағы Eastar Jet жарнамалық науқанында таныстырылды

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың мамыр айынан бастап Visit Almaty бренді Оңтүстік Кореяның Eastar Jet әуе компаниясы жүзеге асырып жатқан халықаралық жарнамалық науқан аясында Сеул метросында таныстырылып жатыр, деп хабарлайды Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Алматы Сеул метросындағы Eastar Jet жарнамалық науқанында таныстырылды
Фото: Алматы әкімдігі

Алматыға арналған жарнама Gimpo Airport Station станциясына орналастырылды. Бұл күн сайын ішкі және халықаралық бағыттар бойынша мыңдаған жолаушы қатынайтын Сеулдегі ең ірі көлік тораптарының бірі.

— Жоба Eastar Jet әуе компаниясының қолдауымен өтеусіз негізде жүзеге асырылып, Алматының туристік әлеуетін Оңтүстік Корея нарығында насихаттауға бағытталған бірлескен маркетингтік стратегияның маңызды бөлігіне айналды, — делінген хабарламада.

Қазіргі таңда Оңтүстік Корея Алматы үшін басым халықаралық туристік нарықтардың бірі саналады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қалаға Оңтүстік Кореядан 23,2 мыңнан астам турист келген. Бұл көрсеткіш кореялық саяхатшылардың Алматыға деген қызығушылығының тұрақты түрде артып келе жатқанын аңғартады.

Visit Almaty брендінің Сеулдің халықаралық көлік инфрақұрылымында насихатталуы Алматының халықаралық деңгейдегі танымалдылығын арттырып, қаланың Орталық Азиядағы жетекші туристік бағыттардың бірі ретіндегі беделін нығайта түспек.

Бұдан бұрын Алматыда бір бағытты көшелердің саны көбеюі мүмкін екенін жазғанбыз.