Алматы, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары үш жылдан кейін донор өңірге айналуы мүмкін — Серік Жұманғарин

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин келешекте республикалық бюджетке қаржы аударатын донор өңірлердің қатары үш жаңа облыспен толығуы мүмкін екенін айтты. 

Алматы, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары үш жылдан кейін донор өңірге айналуы мүмкін — Серік Жұманғарин
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Сергей Пономарев елдің өңірлердің экономикалық көрсеткіштері үздіксіз жақсарып жатқаны рас болса, неге донор облыстардың қатары артпай жатқанын сұраған.

— Оның себебі көп. Кіріспен бірге шығыс та өсіп жатыр. Ел аумағы үлкен. Тарихқа қарасақ, өңірлер түрлі жолмен дамыған. Өңірлердің донорға айналуы ұзақ процесс. Шынын айтсақ, біз оны үдетуге құлшынып отырған жоқпыз. Мысалы, Маңғыстау облысы бұрын да донор болған. Бұл жаңалық емес біз үшін. Павлодар облысында қуатты өнеркәсіп торабы бар. Бірінші кезекте, өңірлердің өз-өзін асырай алатынына көңіл бөлініп жатыр. Біз беретін субвенциялар ағымдағы қажеттіліктері мен жеке кірісінің айырмашылығын жабуға ғана бағытталып отыр. Осы айырмадан артық ешқандай субвенция бермеуіміз керек. Өңірлерге қосымша қаржы бермеуіміз керек, — деді вице-премьер.

Серік Жұманғарин жергілікті әкімдіктің негізгі жұмысы өзінің салық түсімін молайту екенін еске салды.

— Тұрақты салықтың бәрін өңірлердің өзіне бергенбіз. Биыл акциздерді көтеріп, оны да бердік. Тек тұрақсыз салықтар ғана орталыққа түседі. Сондықтан өңірлердің дамуы бірінші кезекте оны басқарып отырған адамдардың қолында.

Дегенмен аймақтарды дамыту мәселелері республика деңгейінде де пысықталып отырады. Мысалы, Алматы облысында Alatau City қаласы құрылып жатыр. Ол жоба Алматы облысы мен Алматы қаласының агломерациясын дамытуға тікелей септігін тигізеді. Тіпті Жетісу облысын да қамтиды.

Келесі үш жылдықта Алматы облысы, Шығыс Қазақстан Ақтөбе облыстары донор өңірлер қатарына қосылуы мүмкін. Оның бәрі осы өңірлердегі ірі инвестициялық жобалардың қалай іске асатынына байланысты, — деді Ұлттық экономика министрі.

Бұған дейін донор өңірлер алдағы үш жылда республикалық бюджетке 3,3 трлн теңге бөлетінін жазған едік

Соңғы жаңалықтар