Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Алматы іскер қалалардың әлемдік рейтингінде 10 сатыға көтерілді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы International Congress and Convention Association (ICCA) қауымдастығының жыл сайынғы рейтингінде 10 сатыға жоғары көтерілді.

в
Фото: Алматы әкімдігі

Қала әкімдігінің мәліметінше, бұл қаланың конгрестер, конференциялар және өзге де іскерлік іс-шараларды өткізуге қолайлы орталық ретіндегі беделі артып келе жатқанын көрсетеді.

ICCA – іскерлік туризм индустриясындағы жетекші халықаралық коммерциялық емес қауымдастықтардың бірі. Оның құрамына әлемнің 100-ге жуық елінен 1 100-ден астам ұйым кіреді. Ұйымның жыл сайынғы рейтингі MICE-туризмнің даму деңгейін бағалайтын ең беделді халықаралық көрсеткіштердің бірі саналады.

- Almaty Tourism Bureau ICCA қауымдастығына үш жылдан бері мүше. Бұл Алматыға халықаралық кәсіби қауымдастықпен, конгресс ұйымдастырушыларымен және саланың жетекші серіктестерімен тікелей байланыс орнатуға, сондай-ақ қаланың іскерлік туризмдегі әлеуетін жаһандық деңгейде танытуға мүмкіндік беріп келеді, - деп хабарлады әкімдіктен.

2025 жылғы ICCA мәліметіне сәйкес, Алматыда өткен халықаралық іс-шараға қатысқан бір делегат орташа есеппен 1 210 АҚШ доллар жұмсайды. Бұл сомаға қонақ үйде тұру, тамақтану, көлік және өзге де қызметтерге жұмсалған қаражат кіреді.

Орта есеппен бір халықаралық іс-шара қала экономикасына шамамен 327 мың АҚШ доллары көлемінде пайда әкеледі. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматыда өткен ICCA іс-шараларының жалпы экономикалық үлесі шамамен 2,94 млн АҚШ долларына жеткен.

Еске салайық, Алматы мен Астана әлемдегі үздік студенттік қалалар рейтингінде жоғарылады.