Алматы тауларында адасып кеткен екі турист құтқарылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Құтқарушылар Алматы тауларында адасып кеткен екі жас туристті тауып, аман-есен эвакуациялады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Төтенше жағдайлар қызметіне оқиға туралы дабыл 4 мамырға қараған түні келіп түсті. 2004 жылы туған екі жас жігіт Медеу ауданындағы Құмбел шыңынан өз бетімен түсе алмай, көмекке мұқтаж екенін хабарлады.
Оқиға орнына Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Республикалық жедел-құтқару жасағының жедел тобы жөнелтілді. Іздестіру-құтқару операциясында ұшқышсыз ұшатын аппарат пен спутниктік байланыс құралдары пайдаланылды. Құтқарушылар қараңғылық пен қиын тау рельефіне қарамастан Көкжайлау трассасынан шыңға дейін жаяу жүріп өтті.

Туристер 2 850 метр биіктіктен табылды. Олар медициналық көмекті қажет етпеді. Тексеруден кейін құтқарушылар қалалық құтқару қызметімен бірлесе отырып, Экопостқа дейін ілесіп, жастар сол жерден өз бетінше үйлеріне тарады.
Еске сала кетейік, бұған дейін құтқарушылардың тауда жоғалып кеткен 2 баланы іздеп тапқанын хабарлаған едік.