Алматы тауларында жарықсыз қалған үш турист құтқарылды
АСТАНА. KAZINFORM – Алматы тауларында түнде өздігінен төмен түсе алмай қалған үш туристке құтқарушылар көмек көрсетті, деп хабарлайды қаланың Мониторинг және жедел әрекет ету орталығы.
Оқиға Медеу ауданындағы Шүкір асуында, шамамен 3100 метр биіктікте болған. Үш жас жігіт таудан түсу кезінде қолшамдарының жарығы өшіп қалып, қозғалысын жалғастыра алмаған. Осыдан кейін олар құтқарушылардан көмек сұраған.
– Оқиға орнына Алматы қаласы Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының құтқарушылары жіберілді. Туристер қауіпсіз жерге жеткізіліп, №22 өрт сөндіру бөліміне дейін алып түсірілді, – делінген хабарламада.
Одан кейін үш жігіт туыстарына тапсырылды. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ.
Айта кетейік, Сәтбаев шыңында адасып кеткен үш турист құтқарылды.