Алматы тауларында жоғалып кеткен 20 жастағы жігіттің мәйіті табылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бүгін «Молодёжный» шыңында жоғалған жас жігіттің мәйіті табылды.

Алматы қаласы ТЖД мәліметінше, Алматы тауларында 20 жастағы жігіт екі тәулікке жуық іздестірілді. Іздеу-құтқару операциясына Төтенше жағдайлар министрлігінің тікұшағы, құтқару қызметі, ТЖД Арнайы апат-құтқару қызметі, Республикалық жедел-құтқару жасағы, кинологтар мен еріктілер тартылды.
Мәйіт табылған орынға баратын жолда мұздықтар бар болғандықтан, құтқарушылардың көтерілуі мен түсуі шамамен 5 сағатқа созылған. Қазір оқиға орнында Алматы қаласының полиция департаментінің қызметкерлері мен Төтенше жағдайлар департаментінің психологы жұмыс істеп жатыр.
– Іздеу-құтқару жұмыстарына ТЖМ тікұшағы, 50-ден астам құтқарушы мен ерікті, 8 ұшқышсыз ұшу аппараты (дрон), 8 техника, 3 кинологиялық есеп жұмылдырылды, - деп хабарлады ТЖД.
Еске салайық, бұған дейін Алматы тауларында 20 жастағы жігіт іздестіріліп жатқанын жазғанбыз.