Алматы туристік әлеуетін Азия елдерінде жарнамалап жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Сингапур мен Куала-Лумпур қалаларында Алматының туристік әлеуетін танытатын сыртқы жарнама орналастырылды, деп хабарлайды Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Алматының сыртқы жарнамасы Оңтүстік-Шығыс Азия қалаларында пайда болды
Фото: Алматы әкімдігі

Жоба Алматы қаласы Туризм басқармасы мен AirAsia әуе компаниясы арасындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асып, қаланы халықаралық туристер үшін қызықты саяхат нүктесі ретінде насихаттауға бағытталған.

— Жарнамалық конструкциялар адамдар мен көлік көп жүретін орындарға орналастырылды. Көрнекі материалдарда асқақ таулардың көркем көрінісі, табиғи көрікті жерлер мен Алматының айшықты бейнесі бейнеленген. Сондай-ақ, «Almaty» жазуымен бірге қалаға сапар шегуге, оның бірегей рухы мен ерекше атмосферасын сезінуге шақыратын үндеу берілген, — делінген хабарламада.

Алматының сыртқы жарнамасы Оңтүстік-Шығыс Азия қалаларында пайда болды
Фото: Алматы әкімдігі

Бұл жарнамалық науқан Алматыны халықаралық нарықта таныту жолындағы жүйелі жұмыстардың жалғасы болды. AirAsia X еншілес компаниясы Алматы мен Куала-Лумпур арасында тікелей әуе рейстерін жүзеге асырып, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен келетін туристер үшін қаланың қолжетімділігін арттырып отыр.

Науқан аймақтан келетін туристер санын арттырып, Алматының заманауи әрі қолжетімді туристік бағыт ретіндегі оң имиджін нығайтпақ.

Бұдан бұрын Алматыда Көлік ғылымдары мен технологиялары институты құрылатынын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар