Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

«Алматы жастары» бағдарламасына түскен 1,3 мың өтініш кері қайтарылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша өтінім қарау жұмыстарын қорытындылады.

в
Фото: Ұлттық статистика бюросы

Бағдарламаға қатысу үшін 1-15 маусым аралығында kezekte.kz порталы арқылы барлығы 5 363 өтінім түскен.

- Құжаттарды қарау барысында кейбір қатысушылардың өтінім беру кезінде қызмет саласын қате көрсеткені анықталды. Бұл техникалық сипаттағы қателік болғандықтан, олардың бағдарламаға қатысуына кедергі келтірген жоқ, - деп хабарлады басқарма өкілдері.

Құжаттарды тексеру нәтижесінде 3 968 өтінім мақұлданған. Ал 1 395 өтініш берушінің құжаттары бағдарлама талаптарына сәйкес келмеген. Бұған олардың жеке меншігінде тұрғын үйінің болуы, соңғы бес жыл ішінде тұрғын үйді иеліктен шығаруы немесе соңғы алты айда міндетті зейнетақы жарналарының аударылмауы себеп болды.

Биыл бағдарлама аясында кемінде 1 650 тұрғын үй несиесін беру жоспарланып отыр. Дәл осы мөлшердегі қатысушылар төлем қабілеттілігін растау үшін «Отбасы банк» АҚ-на жолдама алады. Кезектің алдын алу мақсатында жолдамалар кезең-кезеңімен апта сайын 550 қатысушыға беріледі.

Төлем қабілеттілігі расталғаннан кейін қатысушыларға 45 күнтізбелік күн ішінде бастапқы немесе қайталама тұрғын үй нарығынан баспана таңдап, 20 млн теңгеге дейінгі тұрғын үй несиесін рәсімдеуге мүмкіндік беріледі.

- Егер кейбір қатысушылар төлем қабілеттілігін растай алмаса немесе белгіленген мерзімде тұрғын үй таңдап үлгермесе, жолдама беру кезегі оң қорытынды алған келесі үміткерлерге өтеді. Бұл бағдарламаға бөлінген қаражаттың толық әрі тиімді игерілуін қамтамасыз етеді, - деп түсіндірді ведомство.

Өтінімі мақұлданған және өтінімі мақұлданбаған үміткерлердің тізімі kezekte.kz порталындағы ALMATY JASTARY сервисінің «Тұрғын үй қызметтері» бөлімінде жарияланады.

Еске салайық, бұған дейін «Алматы жастары» бағдарламасы басталғанын жазғанбыз.