Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Алматы жерінің деформациясы алғаш рет 3D картаға түсірілді

АСТАНА. KAZINFORM – Ғалымдар Алматы мен оған іргелес аумақтардағы жер бетінің деформациясын алғаш рет үш өлшемді картаға түсірді. Зерттеу жеті жыл бойы жүргізілген спутниктік бақылауларға негізделген және нәтижелер тәуелсіз жерүсті өлшемдері арқылы тексерілген.

Алматы
Фото: Алматы әкімдігі

Алынған деректер инфрақұрылымды бақылауға, геологиялық, геотехникалық және сейсмикалық тәуекелдерді бағалауға, сондай-ақ қаланы жоспарлауға пайдаланылуы мүмкін.

Зерттеу Advances in Space Research журналында жарияланды. Оны Назарбаев университетінің Инженерия мектебіндегі Тау-кен ісі және жер туралы ғылымдар кафедрасының қауымдастырылған профессоры, доктор Эмиль Байрамов бастаған ғалымдар Ионосфера институтымен бірлесіп жүргізген.

Ученые создали 3D-карту движения земной поверхности Алматы
Фото: Nazarbayev University

Зерттеу нәтижесі аймақтың әр бөлігінде жер бетінің бір мезетте көтеріліп, шөгіп және көлденең бағытта жылжып жатқанын көрсетті. Бұл мәліметтер аталған процестердің картаға түсірілген жарылымдармен кеңістіктік байланысын зерттеуге және адам әрекетінің ықтимал әсерін бағалауға мүмкіндік береді. 

Ученые создали 3D-карту движения земной поверхности Алматы
Дереккөзі: Advances in Space Research
Ученые создали 3D-карту движения земной поверхности Алматы
Дереккөзі: Advances in Space Research

-Бұл аймаққа тектоникалық плиталардың әлі де соқтығысуына байланысты күрделі процестер әсер етеді. Біз жердің тік және көлденең бағытта жылжып жатқанын байқадық. Кейбір аумақтар көтеріліп немесе төмендеп жатса, енді бір жерлер батысқа не шығысқа қарай ығысуда, – деді доктор Байрамов.

Ученые создали 3D-карту движения земной поверхности Алматы
Дереккөз: Advances in Space Research

Зерттеу бойынша жер бетінің тік бағыттағы жылдық деформация жылдамдығы −95 миллиметрден +52 миллиметрге дейін жетеді. Яғни кейбір аумақтар жылына 95 миллиметрге дейін төмендесе, кейбір жерлер 52 миллиметрге дейін көтеріледі. Батыс-шығыс бағытындағы көлденең жылжу жылына батысқа қарай 156 миллиметрден шығысқа қарай 211 миллиметрге дейін жетеді. Солтүстік-оңтүстік бағытындағы қозғалыс оңтүстікке қарай 20 миллиметрден солтүстікке қарай 19 миллиметрге дейін тіркелген.

Ученые создали 3D-карту движения земной поверхности Алматы
Дереккөз: Advances in Space Research

Зерттеудің маңызды нәтижелерінің бірі Алматының орталық бөлігіндегі айқын өтпелі аймақты анықтау болды. Бұл аумақта оңтүстіктегі жер бетінің көтерілуі солтүстікке қарай төмендеуге ауысады, ал көлденең бағыттағы қарама-қарсы қозғалыстар бір-біріне жақындайды.

-Бұл аймақ Орталық Алматы жарылымына өте жақын орналасқан. Зерттелген аумақта жарылыммен байланысты ең айқын деформация дәл осы жерде байқалады. Мұнда жер бетінің деформациясы кеңістікте біркелкі әрі анық көрінеді, – деді ғалым.

Картаға түсірілген басқа жарылымдарда мұндай айқын өзгерістер байқалмаған. Бұл жағдай аталған аумақтардағы қазіргі деформацияның шектеулі болуы мүмкін екенін көрсетеді. Сондай-ақ өзгерістердің терең қабаттарда жүруі немесе олардың қолда бар деректер арқылы сенімді анықтау үшін тым аз болуы ықтимал.

3.png
Дереккөз: Advances in Space Research

Алматыдағы жер бетінің деформациясын бақылауды қаланың күрделі жер бедері мен климаттық жағдайы қиындатады. Қар, мұздықтар, тік беткейлер және маусымдық өзгерістер спутниктік өлшемдерге әсер етіп, ұзақ мерзімді өзгерістерді анықтауды қиындатуы мүмкін.

Зерттеушілер деректерді өңдеу кезінде осы факторларды ескерген. Нәтижелер тәуелсіз GPS өлшемдерімен және Алматыдағы жер бетінің нақты деформация жағдайлары туралы мәліметтермен салыстырылған.

Талдауға көшкін болған аумақтар, ғимараттар мен көпірлердегі деформация жағдайлары енгізілген. Олардың арасында ғимараттардың қисаюы мен жарықтардың пайда болуы да бар.

Салыстыру нәтижесінде тік және батыс-шығыс бағытындағы қозғалыстар бойынша ең айқын сәйкестік анықталған. Ал солтүстік-оңтүстік бағытындағы шамалы өзгерістер сақтықпен түсіндірілген.

Зерттеуде анықталған өзгерістер табиғи геологиялық процестер мен адам әрекетінің қатар жүруінен болуы мүмкін деген қорытынды жасалған.

Аймақтың оңтүстігіндегі таулы бөлікте жер бетінің көтерілуі жалғасып жатқан тектоникалық процестермен сәйкес келеді. Ал қала аумағы мен жазық жерлердегі жердің жергілікті шөгуіне жерасты суын пайдалану, құрылыс және басқа да шаруашылық жұмыстары әсер етуі мүмкін.

Зерттеу нәтижелері қалалық инфрақұрылымды егжей-тегжейлі бақылауға, сейсмикалық, геологиялық және геотехникалық тәуекелдерді бағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл мәліметтер қаланың болашақтағы дамуын жоспарлау кезінде пайдаланылуы мүмкін.

Әсіресе деформация сипаты айқын ерекшеленетін аумақтар, оның ішінде Орталық Алматы жарылымы орналасқан аудан, одан әрі бақылау мен зерттеу үшін басым бағытқа айналуы мүмкін.

Спутниктік деректер қосымша дрондар мен жерүсті зерттеулерін жүргізу қажет аумақтарды дәлірек анықтауға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл ресурстарды егжей-тегжейлі зерттеуді қажет ететін учаскелерге бағыттап, мониторинг тиімділігін арттыруға жағдай жасайды.

-Қазір осындай зерттеулер Астана мен Каспий маңы өңіріндегі қалаларда да жүргізіліп жатыр. Оның мақсаты – жер бетінің деформациясын бақылау және онымен байланысты геологиялық, геотехникалық әрі инфрақұрылымдық тәуекелдерді бағалау, – деді доктор Байрамов.

Ғалымдар Алматыдағы зерттеу нәтижелері жер бетінде анықталған барлық қозғалыс белсенді жарылымдармен тікелей байланысты дегенді білдірмейтінін атап өтті.

Зерттеу жер сілкінісін болжауға арналмаған. Оның негізгі мақсаты – жер бетінің қай жерде, қандай бағытта және қандай жылдамдықпен өзгеріп жатқанын анықтау, сондай-ақ инфрақұрылымдағы өзгерістерді бақылау.

Бұл жұмыс табиғи және антропогендік факторлардың жер бетінің деформациясына ықпалын одан әрі зерттеуге негіз болады. Олардың қатарында жерасты суын пайдалану және тарту, қарқынды құрылыс пен жер қазу жұмыстары, ғимараттар мен қалалық инфрақұрылымның түсіретін салмағы, жерасты инженерлік жұмыстары және жер пайдалану тәсілдерінің өзгеруі бар.

Осыған дейін ғалымдардың төмен сапалы темір кенінен арзан жартылай өткізгіштерге арналған материал алғаны туралы жаздық.