Алматы зообағына Жаңа Гвинеяның алып кесірткелері әкелінді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы хайуанаттар бағы сирек кездесетін жануарлармен толықты. 

Алматы зообағына Жаңа Гвинеяның алып кесірткелері әкелінді
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігінің мәліметінше, енді зообаққа келушілер Сальвадор кесірткелерін көре алады. Бұл бауырымен жорғалаушының отаны — Жаңа Гвинея. Табиғатта олар әлемнің басқа жерінде кездеспейді. Бірақ он жастан асқан кесірткелер жұбы Алматыға Индонезиядан жеткізілген.

Сальвадор кесірткесі (Varanus salvadorii) кей елдерде артеллия, кабарагойя немесе «қолтырауын кесірткесі» деген атаулармен де белгілі. Ол ірі дене бітімімен, ұзын әрі қуатты құйрығымен және қолтырауын терісіне ұқсас ерекше қабыршақты терісімен ерекшеленеді.

Алматы зообағына Жаңа Гвинеяның алып кесірткелері әкелінді
Фото: Алматы әкімдігі

— Бауырымен жорғалаушылар зообағымызда өздерін жақсы сезініп келеді. Олар табиғи мекен ету ортасына барынша ұқсатып жабдықталған террариумды зерттеп жүр. Мұнда жоғары температура мен ылғалдылық сақталған. Кесірткелер бұл жерде өсіп-өніп, ұзақ әрі белсенді өмір сүреді деп сенеміз, — деді «Экзотариум» бөлімінің жетекшісі, герпетолог Александр Гурнев.

Алматы зообағына Жаңа Гвинеяның алып кесірткелері әкелінді
Фото: Алматы әкімдігі

Алматылықтар бұл ерекше жануарларды зообақтың «Экзотариум» бөлімінен көре алады.

Еске салайық, былтыр Алматы хайуанаттар бағында 31 түрлі жануардан 87 төл дүниеге келді.