Алматыда 1 шілде күні туристерге арналған жаңа қосымша іске қосылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыға келген туристер SuperApp қосымшасы арқылы ыңғайлы саяхаттай алады. 

туризм
Фото: freepik

Алматы қаласы Туризм басқармасының мәліметінше, туристерге арналған бірыңғай мобильді қосымша қаладағы барлық маңызды қызметтерді біріктіреді. 

Пайдаланушылар ол арқылы мәдени және спорттық іс-шараларға билеттер сатып ала алады, цифрландырылған соқпақ жолдар мен туристік маршруттар бойынша бағыттарды зерттеп, жоспарлай алады. Одан бөлек Алматы қаласы бойынша өзекті турлар мен экскурсияларды брондап, қаланың көрнекті орындары бойынша VR-саяхаттар жасай алады. 

– Алматы қаласы Цифрландыру басқармасы «Оңай» сервисі арқылы «Алматы қаласының Көлік холдингі» ЖШС-мен бірлесіп, барлық қалалық қызметті бір платформада біріктіретін, қала тұрғындары мен туристерге ыңғайлы болу үшін барлық қалалық сервисті ұсынуға арналған бірыңғай қалалық мобильді қосымшаны әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. SuperApp жобасының басым бағыттарының бірі – қала тұрғындары мен қонақтарына туризмнің цифрлық экожүйесіне қол жеткізуге мүмкіндік беретін туристік сервистер платформасын дамыту, - деп хабарлады басқармадан.

Сонымен қатар Туризм басқармасы SuperApp қосымшасын биыл 1 шілде күні іске қосуды жоспарлап отыр. 

Еске салайық, бұған дейін Алматыда туристерге арналған ресми гастрогид ұсынылғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар