Алматыда 10 күнде 16 мыңнан аса жол ережесін бұзу дерегі анықталған
АСТАНА. KAZINFORM — Алматыда жүргізілген өңірлік «STOP бұзушылық» шарасы аясында 70-тен аса жүргізуші 7 жылға көлік тізгіндеу құқығынан айырылған.
Бұл туралы Алматы қалалық ПД ресми өкілі Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген онлайн сұхбатында хабарлады.
Профилактикалық кешенді шара 21 наурыз күні болған қайғылы жағдайдан кейін ұйымдастырылған.
— Оқиғадан кейін профилактикалық кешенді іс-шаралар жүргізілді. Еліміздің 4 өңірінен 20 полиция экипажы жұмылдырылды. Олар бір апта бойы Алматы қаласында қызмет етіп, кейін өз өңірлеріне қайтып кетті. Қазір ахуал тұрақты, — деді Салтанат Әзірбек.
Спикер Алматыдағы көлік қозғалысының жоғары екенін айтып, жолдағы жауапкершілік әр жүргізушіге байланысты екенін жеткізді.
— Алматы қаласы еліміздегі ең ірі мегаполис болғандықтан, күніне 1,5 млн-ға жуық көлік кіріп-шығады. Күн жылығаннан бастап халық электромобильдерді де қарқынды түрде пайдаланып жатыр. Сол себепті өзге өңірлерге қарағанда мұнда жол ахуалы күрделірек. Сондықтан жол қозғалысына қатысатын әрбір азамат жеке жауапкершілікті сезінуі тиіс, — деді ол.
Сондай-ақ полиция өкілі «STOP бұзушылық» іс-шарасы барысында анықталған құқық бұзушылықтар статистикасын жариялады.
— 10 күн бойы «STOP бұзушылық» атты кешенді іс-шара жүргіздік. Осы кешенді іс-шара жүргізілген 10 күн ішінде 16 576 азамат жауапкершілікке тартылды. 2 мыңнан аса жылдамдықты асыру дерегінің жолы кесілді, 70-тен аса мас жүргізуші тізгіннен шеттетілді. Олар әкімшілік қамауға алынды. Сот шешімімен 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Былтырмен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларының саны 12 пайызға төмендеді, — деді Салтанат Әзірбек.
Оның сөзінше, Алматыда агрессивті жүргізушілерді анықтау үшін жасырын патрульдеу тәсілі енгізілген.
— Полиция қызметкерлері ешқандай белгісі жоқ қызметтік көлікпен жүріп, агрессивті жүргізушілерді анықтайды. Кейін рация арқылы олардың мәліметін беріп, жақын маңдағы патрульдік экипаждар тосқауыл қояды. Осы жасырын профилактикалық шара барысында 5 күн ішінде 68 қауіпті жүргізуші анықталды. Олар — 20-35 жас аралығындағы азаматтар, — деді спикер.
Сонымен қатар Алматыда түнгі уақытта фильтрациялық бекеттер де енгізілген.
— Түнгі уақытта Әл-Фараби даңғылы бойында 80 км/сағ жылдамдықпен келе жатқан көлік ағынына арнайы жол белгілері қойылып, жылдамдық 80-нен 60-қа, 60-тан 40 км/сағ-қа дейін төмендетілді. Осылайша көліктерді бір қатарға тізіп, тексеруге мүмкіндік болды. Егер жүргізушінің іс-әрекеті күдік тудырса, оны дереу тоқтатып, тексереміз. Осы шараның нәтижесінде бірнеше мас жүргізуші ұсталды, — деді полиция департаментінің ресми өкілі.
Айта кетейік, Ақтөбеде жыл басынан бері жол-көлік апатынан 27 адам көз жұмған.