Алматыда 10 мың мектеп оқушысы АПВ-ға қарсы вакцина алды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласы мектептерінің медициналық кабинеттерінде 11 жастағы қыздарға адам папиллома вирусына қарсы жоспарлы вакцинациялау жүріп жатыр.

Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Қасымхан Алпысбайұлының айтуынша, осы жылдың 20 маусымына дейін қалада АПВ-ға қарсы бірінші дозамен барлығы 10 293 қыз вакцинацияланған. Оның ішінде 4429 қыз 11 жаста, 5864 қыз 12-13 жаста. Ал АПВ-ға қарсы екінші дозамен барлығы 4171 қыз вакцинацияланды.
- Вакцинацияланған қыздар арасында процедурадан кейін қолайсыз жағдайлар тіркелмеген. Вакцинациялауға рұқсаты бар медицина қызметкерлері қыздарды қарап, тексеруден өткізіп, вакцинациялауды жүргізуге ата-анасынан келісім алғаннан кейін жүргізеді, - деді Қасымхан Алпысбайұлы.
Департамент мәліметіне сәйкес, АПВ-ға қарсы вакцинация Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында сертификатталған. Елімізде 2 дозадан тұратын, Қазақстан Республикасында тіркелген АҚШ-тың 4 валентті «Гардасил» вакцинасын қолданады.
- Елімізде жыл сайын 1900-ге жуық әйелден жатыр мойны обыры анықталады, оның ішінде 600 әйелде қолайсыз нәтиже көрсетіледі. Статистикаға сәйкес, күн сайын 2 әйел жатыр мойны обырынан қайтыс болады. Сондықтан АПВ-ға қарсы вакцинация баланың өміріндегі маңызды қадам, - деді Алматының бас санитариялық дәрігері.
Еске салайық, былтыр Алматыда 5 мыңға жуық қыз АПВ-ға қарсы вакцина алғанын жазғанбыз.