Алматыда 13 млрд теңгеге салынған жолайрық толықтай ашылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысында орналасқан көлік жолайрығының құрылысы аяқталды. Нысан ресми түрде пайдалануға берілді.

Алматыда 13 млрд теңгеге салынған жолайрық толықтай ашылды
Фото: Алматы әкімдігі

Kazinform агенттігінің сауалына жауап берген Алматының жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы құрылыс жұмыстары толықтай бекітілген жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес жүргізілгенін атап өтті. Жобаның жалпы құны 13 миллиард теңгеге жеткен.

Сонымен қатар жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін екі жерүсті және бағдаршамы орнатылған екі реттелетін өткел салынған.

Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Жетісу ауданының әкімі Ләззат Жылқыбаева жаңа жолайрық маңындағы қоғамдық кеңістікті абаттандыру жұмыстары толығымен аяқталғанын айтты. Аумақтың жалпы көлемі — 3,4 гектар.

— Мұнда 30,4 мың шаршы метр аумақ көгалдандырылды, 5,8 мың шаршы метрге брусчатка төселді, 7 ұңғыма бұрғыланды, 3,5 гектар жерге автоматты суару жүйесі орнатылды. Сонымен қатар 192 ағаш, 14 мың бұта және 2 400 гүл егілді, — деді аудан әкімі.

Еске салайық, Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысында орналасқан көлік жолайрығының құрылысы 2017 жылы басталды. Бірақ тұрғындардың жер учаскелерін мәжбүрлі түрде сатып алу жұмыстарына байланысты жоба құрылысы созылып кетті.

Биыл жобаны 2025 жылдың маусым айында аяқтау жоспарланды. Алайда құрылыс жұмыстары күзге дейін созылды.

Соңғы жаңалықтар