Алматыда 18 мыңнан астам қорап заңсыз темекі өнімі анықталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері контрафактілік темекі өнімдерін тәркіледі.

Алматыда 18 мыңнан астам қорап заңсыз темекі өнімі анықталды
Фото: Мемлекеттік кірістер департаменті

– Кодтары жоқ (сәйкестендіру құралдары) және анықталмаған үлгі кодтары бар 18 603 қорап темекі табылды. Заңсыз өнімнің жалпы құны шамамен 17 млн теңге,– деп хабарлады департаменттен.

Материалдар іс жүргізу шешімін қабылдау үшін Алматы қаласының сотына жіберілді.

Айта кетейік, бұл үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

– Тәркіленген акцизделетін өнім азаматтардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіреді. Департамент азаматтарды шығу тегі күмәнді темекі өнімдерін сатып алу кезінде сақ болуға шақырады.Темекі өнімдеріне (сәйкестендіру құралдарына) салынған кодтардың түпнұсқалығын «NAQTY ONIM» мобильдік қосымшасының көмегімен тексеруге болады,– деп атап өтті Мемлекеттік кірістер департаментінен.

Еске салайық, бұған дейін Алматыға 31 млн-нан астам теңгенің контрафактілік өнімі әкелінгені туралы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар