Алматыда 2040 жылға дейін экологияға әсер ететін 276 кәсіпорын қаладан шығарылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы мәслихаты кезектен тыс сессия барысында мегаполистің 2040 жылға дейінгі Бас жоспарына енгізілген түзетулерді талқылады.
Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов қала дамуын айқындайтын құжатта экология мәселесіне ерекше назар аударылғанын айтты. Оның сөзінше, қаланың солтүстік, орталық және батыс бөліктерінде тарихи тұрғыдан қалыптасқан әрі экологиялық тұрғыдан зиянды өнеркәсіптік кәсіпорындар орналасқан. Олар жаңа Бас жоспар бойынша алдағы жылдары қала аумағынан толықтай шығарылмақ.
- Қаланың Бас жоспарын түзету жобасында 2040 жылға дейін 276 өнеркәсіптік кәсіпорынды қаладан шығару көзделген. Оларды қаладан шығару жөніндегі іс-шаралар ҚР заңнамасында белгіленген тәріппен жүзеге асырылады, - деді қала әкімінің орынбасары.
Еске салайық, депутаттар Алматының Бас жоспарына өзгеріс енгізуге келісім берді.