Алматыда 25 миллиард теңге тартқан қаржы пирамидасының басшысы сотталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Алмалы аудандық соты «AB» қаржы пирамидасын ұйымдастырған және оған қатысқан бір топ адамға үкім шығарды.

«ХАС» қаржы пирамидасының негізін қалаушылар алаяқтық үшін сотталды
Фото: Павлодар облысы прокуратурасы

Сот материалдарына сәйкес, 2023 жылдың қаңтарында Т есімді адам «ПК AB» тұтыну кооперативінің бағдарламаларына қатысу сылтауымен қаржы пирамидасын ұйымдастырған. Оларға табыс табу, автокөлік немесе баспана сатып алу мүмкіндігі ұсынылған.

Көп салымшы тарту мақсатында Қазақстанның түрлі қалаларында кеңселер жұмыс істеп, кездесулер мен онлайн іс-шаралар өткізілген. Онда бағдарламалардың шарттары түсіндіріліп, тиісті нұсқаулар берілген.

Кейін аталған қызметке Б., Д., И. және өңірлік басшылар тартылған. Олар жаңа қатысушыларды тартумен, кеңселердің жұмысын ұйымдастырумен, ақшаны бақылаудағы шоттарға аударумен айналысқан.

- Тартылған қаражат қатысушылар алдындағы міндеттемелер үшін кәсіпкерлік қызметке пайдаланылмаған. Ақша жүйе қатысушылары арасында қайта бөлініп, бонустар төлеуге, шаруашылық шығындарына және өзге де мақсаттарға жұмсалған, - делінген сот үкімінде.

Жалпы «AB» азаматтардан 25,4 млрд теңге алған.

Сотталушылар өздеріне тағылған айыптарды мойындамай, ақтау үкімін шығаруды сұрады.

Сот үкімімен Т есімді адам Қылмыстық кодекстің 217-бабы 2-бөлігі 2-тармағы “Қаржы пирамидасын құру және басшылық ету” бойынша кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ оған 7 жыл қаржылық қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

Б., Д. және И. осы бап бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Онымен қоса 6 жылға қаржылық қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

Еске салсақ, күн сайын табыс табуды уәде еткен CVK қаржы пирамидасын ұйымдастырушы сотталған еді.