Алматыда 28 панфиловшы саябағының бұрын жөнделген төсемтастары қайтадан ауыстырылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының Гоголь мен Пушкин көшелерінің қиылысында, 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағының маңында төсемтастарды жаңарту жұмыстары жүріп жатыр.

Алматыда 28 панфиловшы саябағының бұрын жөнделген төсемтастары қайтадан ауыстырылады
Фото: Видеодан скрин

Аталған жұмыстарға байланысты Медеу ауданының әкімдігі түсініктеме берді. Аудан әкімінің орынбасары Азат Какетаевтың айтуынша, бұл учаскеде брусчаткалардың тозу деңгейі шамамен 70%-ға жеткен.

— Өткен жылдары мұнда ішінара жөндеу жұмыстары жүргізілген, соның салдарынан төсемнің біртектілігі бұзылып, плиткалардың түсі әртүрлі болып кеткен. Сонымен қатар жекелеген бөлшектерді алған кезде көршілес плиталардың да шеті сынып, бүлінетіндіктен, жергілікті жөндеу жұмыстары тиімсіз болып отыр. Осыған байланысты жабындыны толықтай ауыстыру туралы шешім қабылданды. Бұл аумақ — қала тұрғындары мен қонақтары күн сайын көп жүретін негізгі жаяу жүргіншілер аймағының бірі. Сондықтан аумақты абаттандыру мен жұмыс сапасына ерекше көңіл бөлінді, — деді Азат Какетаев.

Сондай-ақ ол жарамды материалдардың барлығы демонтаждалып, сұрыпталады және кейіннен қайта пайдалану үшін коммуналдық қызметтердің базасына жіберілетінін атап өтті.

Еске салайық, Қазақстанда гранит бордюр мен төсеме плиталарының өндірісі 30%-ға өсті.