Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Алматыда 300-ден астам мопед пен самокат арнайы тұраққа қойылды

АСТАНА. KAZINFORM — Алматыда демалыс күндері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу фактілерін анықтауға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған профилактикалық рейдтер өткізілді.

мопед
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Алматы қаласы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мото көлік пен жеке мобильділік құралдарына ерекше назар аударылып отыр. Арнайы тұрақтарға 3 мопед, 298 самокат, 1 электр велосипеді және 1 мотоцикл қойылды.

Жетісу ауданында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 152 фактісін анықтады. Олардың қатарында көлік құралдарын пайдалану және жолаушыларды тасымалдау талаптарын бұзу деректері бар.

— Жолдағы қауіпсіздік әрбір жол қозғалысына қатысушының тәртібіне тікелей байланысты. Сондықтан біздің міндетіміз — жол-көлік оқиғаларына әкелуі мүмкін құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, олардың салдарына жол бермеу. Бақылау тұрақты түрде жалғасады. Әсіресе көлік қозғалысы қарқынды және жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін учаскелерге ерекше назар аударылады. Жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, өз өмірі мен айналасындағылардың қауіпсіздігіне қауіп төндірмеуге шақырамыз, — деп қорытындылады Ғалым Сарғұлов.

Бұған дейін Алматыда «Сергек» электрлі самокат жүргізушілерінің ереже бұзу деректерін тіркейтінін жазған едік.