Алматыда 43 жастағы ер адамға жүрек трансплантациясы жасалды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында үшінші рет донорлық жүректі пациентке трансплантациялау операциясы жасалды.

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Алматыдағы орталық қалалық ауруханаға түскен 40 жастағы ер адам донор болды, дәрігерлер пациенттің ми өлімін растады.
– Жүрек Алматы облысы Талғар қаласының тұрғыны 43 жастағы ер адамға трансплантацияланды. Ол ишемиялық кардиомиопатияға, жүре пайда болған жүрек ақауына, митральды қақпақша қызметінің жеткіліксіздігіне, 26% шығарылу фракциясы төмендеген созылмалы жүрек қызметінің жеткіліксіздігіне, 2022 жылы инфарктқа шалдыққан. Науқаста аздаған дене қимылы кезінде ентігу, жүректің дұрыс жұмыс істемеуі, жалпы әлсіздік, бас айналу шағымдары болды,– деп атап өтті Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтынан.
Бес сағатқа созылған күрделі операция сәтті өтті, пациент реанимациядан бөлімшеге ауыстырылды. Қазір жағдайы тұрақты, оң динамикасы бар.
Айта кетейік, аталған емдеу мекемесінде жүрек алмастыру операциясы үш рет жасалып отыр.
Бұған дейін Қазақстанда 4 мыңнан астам адам трансплантация кезегінде тұрғаны туралы жазғанбыз. Оның ішінде 3723 науқас бүйрекке мұқтаж.