Алматыда 5 жылда «Сергек» камералары 156 млрд теңге айыппұл салған
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда қалалық мәслихаттың кезектен тыс XL сессиясы өтті.
Сессия барысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында «Сергек» компаниясымен келісімді 1 жылға ұзарту мәселесі қаралды. Алматы қаласы цифрландыру басқарма басшысының міндетін атқарушы Мейрам Дүйсековтің айтуынша, қазір қалада 1641 «Сергек» камерасы бар. Ол мемлекеттік-жекешелік әріптестік 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылған жағдайда, компания қосымша 350 камера орнататынын атап өтті.
Ведомство басшысы депутаттар сұрағына жауап бере отырып, «Сергек» жүйесінің тиімділігіне де тоқталды.
— Алматыда жыл сайын жолдағы өлім саны 30 пайызға, жол-көлік оқиғаларының саны 10 пайызға азайып келеді. 5 жылда «Сергек» камералары арқылы 156 млрд айыппұл салынған және оның 94 млрд теңгесі өндірілді. Бұл қаражаттың барлығы Алматы бюджетіне түсті, — деді Мейрам Дүйсеков.
Алматы әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев «Сергекпен» ұзақ мерзімді келісім жасау керек екенін айтты.
— Келісімді 1 жылға ұзарту маңызды. Бірақ болашақта ұзақ мерзімді серіктестікті қарастыру керек. Мысалы, Абай даңғылындағы автобус жолағында тек 13 камера жұмыс істейді. Біз «Сергекті» шақырып, олардың санын көбейту қажет екенін айттық. Олар 500-ден астам камера орнатуға дайын екенін растады. Сондықтан жобаны қолдауды сұраймын, — деді Алмасхан Сматлаев.
Қалалық мәслихат депутаттары жобаны қолдап, дауыс берді.
Еске салайық, 2025 жылдың ақпан айында басында Астанадағы бейнебақылау жүйесінен «Сергек» кетіп жатқаны, оның орнына жаңа жүйені БАӘ компаниясы енгізетіні мәлім болды.