Алматыда 5,6 млрд теңгеге жөнделіп жатқан субұрқақтар қашан іске қосылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 4 субұрқаққа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Былтыр мамыр айында Алматы әкімдігі ғимаратының шығыс және батыс жағындағы, Республика алаңындағы, сондай-ақ Ғ.Мүсірепов театры жанындағы субұрқақтарға жөндеу жүргізілетінін белгілі болды. Бұл жұмыстарға 5,6 млрд теңгеге жұмсалатыны хабарланды.
Оның ішінде Республика алаңындағы субұрқақты қайта құруға 2,48 млрд теңге бөлінген. Жобаның мердігері – «Ec Energy Qazakhstan» ЖШС.
Модернизация аясында субұрқақтардың құрылымдары күшейтіледі. Инженерлік коммуникациясы, су жабдықтауы, гидрооқшаулаушы қабаты толық ауыстырылады. Насос станциялары және су сүзу жүйелері жаңартылып, автоматтандырылған басқару енгізіледі, сондай-ақ жақын аумақтар көркейтіледі.
Kazinform агенттігі Алматының қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасына жүгініп, аталған нысандардың қашан іске қосылатынын нақтылады. Ведомство мәліметінше, 15 жылда алғаш рет жөнделіп жатқан 4 субұрқақтағы барлық жұмыстар мамыр айының соңында аяқталуы тиіс.
Сонымен қатар басқарма техникалық қызмет көрсету қағидаларына сәйкес, қаладағы барлық субұрқақтар 1 мамырда іске қосылып, 1 қазанға дейін күн сайын сағат 08:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс істейтінін атап өтті. Температурасы +5°C-тан төмен болған жағдайда ғана субұрқақтарды пайдалануға тыйым салынады.
Одан бөлек ведомство өзге субұрқақтарды жөндеу мәселесін де нақтылады.
– 2026 жылы өзге аумақтардағы субұрқақтарды жөндеу жоспарланбаған, - делінген жауапта.
Еске салайық, мегаполисте 150 субұрқақ бар, оның 66-сы коммуналдық меншікте және оларды қалалық қызметтер күтіп ұстайды.