Алматыда 9 мыңнан астам тұрғын атаулы әлеуметтік көмек алды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 9 мыңнан астам тұрғын атаулы әлеуметтік көмек алды. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов мәлімдеді.

ф
Фото: Алматы әкімдігі

Ол атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) уақытша сипатқа ие екенін, оның басты мақсаты – азаматтардың еңбекке белсенділігін арттыру екенін де атап өтті.

«Атаулы әлеуметтік көмек – бұл өмір бойы төленетін жәрдемақы емес, ол өмірінде қиындық болып жатқан отбасыға аяқтан қайта тұруға мүмкіндік беретін уақытша қолдау шарасы. Басты мақсатымыз – жай көмек көрсету емес, азаматтардың еңбек етуіне және әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасау», – деді Бауыржан Жаубасов.

Оның айтуынша, АӘК алу үшін отбасының еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысуға тиіс.

Атаулы әлеуметтік көмек екі түрге бөлінеді. Біріншісі, шартсыз көмек – еңбекке араласа алмайтын азаматтарға (І-ІІ топтағы мүгедектігі бар жандарға, қарттарға күтім жасап отырған адамдарға және т.б.) тағайындалады.

Екіншісі, шартты көмек – еңбекке жарамды отбасы мүшелері жұмыспен қамту шараларына (жұмысқа орналасу, оқыту, қоғамдық жұмыстар және т.б.) қатысқан жағдайда беріледі.

2025 жылы 1 қазанға дейін Алматыда 1 819 отбасы, яғни 9 063 адам атаулы әлеуметтік көмек алған.

«Мұндай қолдау шаралары азаматтарға уақытша қиындықты еңсеруге ғана емес, күшіне деген сенімін арттырып, жігерін жанып, отбасының тұрмысын өз еңбегімен қамтамасыз етуге жол ашады», – деп сөзін түйіндеді Бауыржан Жаубасов.

Айта кетейік, Алматыда 4,3 мыңнан астам нысан мүгедектігі бар жандарға бейімделген.

Соңғы жаңалықтар